Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл
«…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.»
(Н.Назарбаев)
Жоспар:
Кіріспе
Жаңа ғасырға аяқ басқан жаңа Қазақстан.
Негізгі бөлім
1.Тарих беттерін парақтасақ…
2.Ұмтылмайды Желтоқсанның ызғары.
3.Менің бар бақытым-қасиетті Отаным.
Қорытынды
Қазақстан тәуелсіздігі мәңгілікке.
Адам баласы, адамзат қоғамы қашанда алдағы болатын оқиғаны әрі аңсай, әрі абыржи тосқан ғой. Әсіресе, ғасыр, мыңжылдық сынды,тарихта өшпес ізі қалатын межелі кезеңдер таянғанда қатты қобалжығаны рас. Сөйткен жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдық келді.Сол ғасырдың қызығын көріп өмір сүріп жатқан біз бір пендеміз.
Егер біз сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен көз жүгіртіп байқасақ, ежелден–ақ ата-бабаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен.
Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар,кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Олардың қатарына: қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұлан ғайыр ата-қонысының қалыптасуын; ұлттық мемлекттігіміздің бастауы – Қазақ хандығының құрылуы мен дамуын; өзі отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлап,жау қолына тойтарыс берген хандар мен оларға ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес берген,кемшілікті айта білген ұлы билер дәстүрлерін; ата-бабаларымыздың елімзге,халқымызға тән өзіндік шаруашылық жүргізу жүйесін қалыптастыруын, таңғажайып этномәдени үлгілерін жасау арқылы әлемдік өркениетке қосқан алып үлесін, батырларымыздың жер мен ел тәуелсіздігі мен ата-қоныс тұтастығын, ішкі жаулардан қорғаған үлгісін жатқызуға болады.
Алла Тағала біздің елімізге осыншама кең жерді нәсіп еткенін түсінуге ұмтылсақ, ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан ғайыр Алтай мен Атырау аралығын ата-бабларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген. Ата жауымыз болған сан жылдық қарсылас жоңғарлардан даламызды арашалап қалған батырлардың ерлігі туралы дәстүрлі тарихи жырлар Исатай, Махамбетке байланысты мұралар, Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстың басты кейіпкерлері туралы жыр-дастандар біздің ұлттық сана-сезімімізді көтереді.
Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. Қазақтың соңғы ханы Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді.
Ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білген, халықтың басын қосқан, халық мүддесі жолында, табандылығында, тапқырлығын да таныта білген хан Абылай Қазақ халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, Қазақ елін аса іргелі елге айналдырды. Батырларын, елін сүйген ерлерін, ақын-жырау өнерпаздарын достық –бірлікте ұстап, оларды жүзге бөліп жармады.Жауын торғайдай тоздырып, тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен, қоқаңдап қоңқылдаған Қоқанмен де, қалың қара Қытаймен де, ормандай орыспен де тіл табысқан бабамыздың даналығының арқасында, осы біз өмір сүріп отырған аяулы Отан- Қазақстан жері сол бабалардың сақтап қалған, бізге қалдырған асыл мұрасы екені сөзсіз.
Халық басына осындай қиын-қыстау заман зары туған шақта, Қазақ қауымының бас көтерген батыр да ержүрек перзенттері елдің елдігін, ердің ерлігін сақтап қалды.
Абай, Шоқан, Ыбырай дәуірін қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін дәлелдейді.
Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Мұстафа, Смағұлдар алаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды. Қазақтың еркіндігінен қорыққан қызыл империя көсемдері алаш туы астына бірікендердің бәрін біртіндеп құртты. Ең алдымен Жүсіпбек Аймауытовты атты. Қалғандарын, қияндағы Шәкәрімнен бастап қаладағы Қазақ оқығандарын түгел қырды. Мұстафа Шоқай шетел асты… Алашорда партичсына мүше болғандардан жалғыз Мұхтар Әуезов қана аман қалды.Қазақтың өз билігі өз еркінен кеткен соң қара халықты қалай қорлаймыз деп қызыл империя аса қиналған жоқ.
… 32-33-тің ашаршылығы қолдан жасалды.
… 36-37-нің қырғыны әдейі істелді.
1937-1938 жылдары яғни, бір жылдың ішінде 125 мың Қазақ зиялысы қырылған. Жоғары білімді қазақтың бетке ұстайтын азаматтарының бар кінәсі — көзі ашық болғаны, өз ұлтының
намыс-сезімін жақтағандары ғана.
«Мен үшін Отаныма адал солдат болудан артық бақыт жоқ», — деп Ислам Жеменей айтқандай, Отан қорғау жолында 1941-45 –ші жылдары ең көп қырылған Қазақ солдаттары еді. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 196 мың адам қару асынып, майданға аттанды. 700 мың адам еңбек армиясының сапында болды. Соғыстан тек 410 мың Қазақстандық жауынгер ғана оралды.
Осыншама нәубеттің ішіндегі ең сұмдығы – 1949 жылдан Қазақ халқы атом полигондарының сынағына тасталды.XX ғасырда дүние жүзіндегі бір де бір ел Қазақ көрген азапты
көрген жоқ. Аяулы Отаным — Қазақстан – ядролық қарудың қасіретін әлем бойынша ең көп тартқан ел. Қазақстан ядролық инфрақұрылымнан құтылуды әлемге айғақ еткен, әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, еліме тәуелсіздіктің туын желбіреткен елбасы Нұрсұлтан ағамызға алғысымыз ұшан-теңіз. Атом сынағынан аман өттік, бұл заманға да жеттік. Аяулы Отаным — Қазақстан жерін бабаларымыз ерлікпен қорғап бізге қалдырған, кейінгі ұрпағыма «Асыл мұрам, ал балам» деп айту үшін, бізге тұтас уланбай, жоғалмай, өртенбей, сынбай-жанбай, ауыр азап, қиын-қыстау кезеңдерді бастарынан өткізген екен.
1917 жылғы Қазан революциясына дейін халқымыз отарлық езгіге қарсы 400-ден астам көтерілістерге шығып, наразылықтар көрсетті. Осындай азаттық күрестің басында халқымыздың ортасынан қайнап шыққан ірі-ірі тұлғалар болды. Солар көрсеткен үлгі, сеппкен ұрық бір ұрпақтан екінші ұрпаққа табиғи түрде ауыса келіп, 1986 жылғы желтоқсанда жаңғыруына әкелді. Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың өлместігін жарқын түрде дәлелдеді.
1986 жылғы желтоқсанда елде жария етілген қайта құрудың 20-шы айы өтіп жатқан-ды. Құқықтық мемлекет құрамыз дегенге сеніп, Горбачевтік «сәуір тезистерінің» тың
идеяларымен жігерленген Қазақ жастары орталықтың бұрынғыша өктемдігіне келіспеушілігін білдіруге митингілер, шерулер өткізіп алаңға шықты. Қылышынан қаны тамып, жарты әлемді билеп тұрған қызыл империя кеңестік коммунистік партия кезеңінде Қазақ жастарының ұлттық намысн ту етіп, отаршылдыққа қарсы алғаш жойқын бұлқыныс танытуы Мәскеудегі өктемшіл шовинистердің төбесіне жай түсіргендей әсер етті. Өйткені, уысындағы қол бала іспеттес көптеген ел бұдан «үлгі-өнеге» алып, ол өрт қаулай түссе, халдерінің мүшкілденетінінен қауіптенді. Оны олар алдын-ала сезді де, басқыншылық әрекеттерге, фашистік қатыгездік қадамдарға да көз жұма барды. Әділдіктің салтанат құруын сұраған жалаң қолды бейбіт жандардың тілектеріне құлақ асқысы келмеген озбыр орталық жүйесі жүректері тітіркенбестен мұздай қаруланған әскермен шеруге шыққандарды аяусыз
жаншыды, итке талатты, бас-көз жоқ ұрып соқты.
Қазақ жастары Алматыда, Талдықорғанда, Ақмолада, Орталық Қазақстанның бірнеше елді мекендерінде тоталитарлық билік жүйесіне қарсы көтеріліп, өкіметке саяси талаптар қойды. Желтоқсан көтерілісі сол кездегі кеңес одағының керегесін шайқалтып, КСРО-дағы ашық демократиялық үрдісінің негізін қалаушы оқиғалардың бірі болды. Белгілі ән-өлеңінде айтылғандай, «желтоқсан гүлді солдырып, нұрды оңдырып, көңілде мұңды із қалдырып» қана қойған жоқ, сонымен бірге және ең маңыздысы – халқымыздың ең алдымен жас буынның ұлттық санасын оятумен, ұлттық намысын көтеруінде болды.Қатыгездігі мың батпан солақай саясат орын алған соң, жүздеген еркіндік аңсаған ақ ниетті жас азаматтар алаштың арманын асқақтатып, кеудемсоқтықты көксегендерге ойсырата соққы жасады. Мұндай тегеурінді қарсылықтың болуы тиіс емес деп есптейтін кеудесіне нан піскен КОКП төбе шашы тік тұрып, «бұл нағыз Қазақ ұлтшылдығы» деп апыл-ғұпыл баға беріп тастады.Орталық партия комитетіндегілер Қазақ жастарының Респубика алаңына шығуын нашақорлардың, маскүнемдердің әрекеті деп жария етті.Көп ұзамай шындықтың бет пердесі ашылды. Оған көзі жеткен кеңес одағының тізгінін ұстаған серкелер «қазақ ұлтшылдығы» деген КОКП шығарған қаулының, яғни, Қазақ халқына жабылған жаланың күшін жоюға мәжбүр болғаны белгілі. Жазықсыз, қиянатпен жоғары оқу орындарынан шығарылған, сотталған сан мыңдаған қыз-жігіттер кейін ресми ақталды.Талайы зардабын шегіп, қасіретін тартты. Қаншама өрімдей жасөспірімдер қанаты қайырылса да намысын жерге таптатпай, еңселерін биік ұстады. Бірақ, сырын сыртқа шығармай, шерін тарқата алмай іштен тынды. Заман райы солай болды.
1991-жылы Қазақ елі егемендікке қол жеткізіп, өз алдына тәуелсіз мемлекет атанды.1991- жылы 16-желтоқсанда тәуелсіздік таңын тудырды.
Тәуелсіздік — халықтың үні, ұлттың тілі мен діні.
Бүгінгі Қазақстан — өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пікіріне әлем саясаткерлері ықылас қоятын болды.
Өткен күннен алыс жоқ,
Келер күнненжақын жоқ.- демекші
Міне, көзді ашып жұмғанша, осы жылы Қазақхалқы тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлайды. Тәуелсіздікке жету – оңай жолмен келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы.
Тәуелсіз мемлекетке айналу, бізге үлкен серпіліс, күш берді. Тарихи күш десе де болады. Біздің өз еркімізбен алға ұмтылуға, мемлекет болып өркендеуге жол ашылды.
Тәуелсіз мемлекет бола салысымен, көптеген шұғыл сұрақтарға шешім табылды. Неше түрлі ауыртпашылық әкелген Семей полигоны жабылды, Арал теңізі мәселесі шешілді, тарихи мұра, мәдениетіміз, қазақ тілі қайта жаңғыртылды, табиғи байлығымызды өз иелігімізге қайтара алдық.
Қазір біз болашағымызға сеніммен қарай алатын, зайырлы, өркениетті, индустриалдық жаңғырту жолында жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз.
Тәуелсіздік жариялаған сәттен бастап, Қазақстанды күтіп отырған оқиғалардың мән-жайын түсіну, ұғыну, мемлекеттің одан әрi даму үрдiсiн болжау және халықтың талғамына
сай, ең тиiмдi даму стратегиясын таңдауда жан-жақты, қайсар, жігерлі, саясатжүргізуде көшбасшы және ой-өрісі кең, интеллектуалды тұлға қажет еді. Мұндай тарихи міндетті, Жаратушы осы қасиеттерге сай Елбасымыз - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұйырды. Тәуелсіз мемлекеттің қазіргі келбеті, бастан өткен сәтсіздіктері және жеңістері тұңғыш президентіміз, Елбасының есімімен тікелей байланысты. Тарихи өтпелі кезеңде Елбасының рөлі айқын және ашық көрінеді.
Елбасымыздың сол кезеңдегі басты таңдаған стратегиялық бағыты – ашық нарықтық экономикаға көшу болды. Түбегейлі құрылымдық өзгерістерді жүргізуде шетелдік инвестицияны
маңызды фактор деп есептеді. Осындай тарихи шешімдердің арқасында біз қазіргі таңда әлемнiң 50 ел бәсекеге қабiлеттi елдері қатарына кірдік. Бұл, меніңше,мақтаныш сезіміне бөлейтін ең маңызды жетістік.
Әрине, сонау 25 жылда, еліміз неше түрлі жетістіктерге жетті, биік белес, асуларды алды. Маңыздыларын Елбасымыз “Қазақстан – 2030” Стратегиясының толықтай орындалуында
қорытындылап кетті.
Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін “Қазақстан – 2050” Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады. Шағын және орта бизнесті қолдауда 1997 жылы құрылған “Даму” Кәсіпкерлікті Дамыту Қоры” Акционерлік қоғамының еңбегі орасан зор. Қазіргі таңда “Даму” Қоры кәсіпкерлердің несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және банктердің алдында кәсіпкерлердің несиелерін кепілдендіру саясатын жүзеге асыратын қаржылық агент болып табылады.
Ірі бизнесті қолдауда да мемлекет тарапынан үлкен көлемде қаржылай көмек бөлініп отыр. Басты көздейтін мақсат – әртараптандыру арқылы ұлттық экономиканы шикізат секторынан тәуелсіз етуі.
Жастарға заманауи білім берумен қатар, өңдеуші өнеркәсіпті жақсарту мақсатымен жаңа мамандар даярлауда.Халықаралық тәжірибенің көрсетуі бойынша жастарды кәсіпкерлікте қолдау, жаңа жұмыс орындарды ашуымен қатар білікті мамандарды дайындауға жол ашылды. Сонымен қатар, еліміздің инновациялық даму жолына көшуіне мүмкіндік туғызды.
Иә, 25 жылда мемлекетіміз күрт өзгерді. Экономикалық, әлеуметтік, интеллектуалды тұрғыда өркендеп келеміз. Оны архитектуралық тұрғыда қарасақ, Елбасы айтқандай, мемлекетіміздің басты күші – Астана қаласы. Астана тәуелсіздіктің белгісі, үні, келбеті деуге де болады. Осы жерді басып жүріп, шын мәнінде, біздің болашағымыз жарқын екеніне қатты қуанамыз.
Алдымызда “ЭКСПО-2017” атты халықаралық көрме Астанада өткізілмекші. Ол Орталық Азияда және “Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына” кіретін мүше елдерде өтетін алғашқы
көрме болмақ. Мұндай үлкен шараны біздің елде өткізу мемлекетіміздің жоғарғы деңгейін көрсетеді. Көрменің тақырыбы “болашақ энергиясы” деп аталады, яғни жасыл технологияларға арналған. Халықаралық көрмелер бюросына мүше елдерді таң қалдырған сұрақ, қазіргі таңда көкейкесті мәселе. Сарқылмайтын энергия көздері:
күн сәулесі, жел, жер асты сулары арқылы энергия алу, болашақта адам баласына ең қажетті ресурс түрі. Бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10-нан астам халықаралық ұйымы қатысады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам қатысады деген болжам бар.
Өтетін көрме, елдің өндірістік қуатына мықты серпін бере алады. Мұндай ауқымды және жауапкершілікті іс-шараны өткізуде біздің ел үшін пайдасы өте мол. Басқа елдермен достық қатынастар нығаюымен қатар, жоғарыда айтылғандай, елімізге инвесторлар алып келеді, еліміздің мәртебесін жоғарлатады.
Қорыта
келгенде, 25 жыл ішінде жеткен жетістіктердің маңыздылығын бағалай отырып, біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. Елбасымыздың 90-шы жылдарда анықтаған стратегиясының арқасында біздің еліміз осындай аз уақыт ішінде құрметке ие, жетістіктерін танитын, сөзіне құлақ салатын мемлекетке айналып отыр. Елбасымыздың осы қиын жолда сіңірген еңбегі зор, баға жетпес.
Меніңше, екі алып мемлекеттің арасында осындай халге жетуіміз Құдайдың бізге берген сыйы, мейірімі, аманаты деп есептеймін. Біз өз ұлтымыздың, мемлекетіміздің тарихын ерекше қадірлеп, сақтауымыз керек.
Дүние керемет өзгеру жолында, бірақ біз ұлттық идеяны сақтап, тарихи мұра, құндылықтардың қасиетін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек. Әрине, ең бастысы,жеріміздегі ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылық, ыңтымақтастықты сақтай отырып, көптеген нәтижеге жете аламыз.
Біздің ел тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі екенін жан-жақты дәлелдеді. Абайдың 150 жылдығын “ЮНЕСКО” шеңберінде тойлады. “Біріккен Ұлттар Ұйымы” шеңберінде 2002 жылы Алматыда, яғни тұңғыш рет Азия құрлығында 24 мемлекет басшысын біріктіріп, кеңес өткізді. “Шанхай ынтымақтастық ұйымын” құрудың негізгі ұйытқысы, алғашқы ұсыныс жасаумен танылды. Одан әрі, 2003 жылы Астанада тұнғыш рет әлемдік діндер жетекшілерінің съезін өткізумен тарихта аты жазылды. Алдымызда, 100-ге жуық елдің басын қосатын халықаралық көрме “ЭКСПО-2017”. Осының бәрі еліміздің жетістіктері.
Қазір біз өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алдық. Елбасы бекіткен жаңа экономикалық бағамда жаңа бағдарламалар, оның бағыттары және нәтижеге жету жолдары көрсетілген. Сол бағытты ұстанып, болашаққа сеніммен қарайық!
Дайындаған қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі: Беркинбаева К.Ж