1 мамыр – Қазақстан халықтарының Бірлігі күніне арналады
«Бірлігіміз жарасқан...»
Бірлік бар жерде – тірлік бар. Бірлік түбі – береке. Ал берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған емес. 1 мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күні еліміздің барлық аймақтарында салтанатты түрде аталып өтті.
«Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған Новоишимка ауылы № 32 орта мектебінде аталмыш мерекеге арналған 1 -7 сыныптар аралығында «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық ел үшін» тақырыбында керемет іс – шара болып өтті. Мереке шымылдығын мектеп басшысы Талғат Мақтайұлы құттықтау сөзімен ашты. Елімізде 130-дан астам өзге ұлт өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын ескерсек, осы өзге ұлт өкілдерінің он беске жуық түрі біздің мектепте білім алуда. Салтанатты жиында қазақ, орыс, өзбек, кәріс, армиян ұлттарының әндері айтылып, биі биленіп, дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер мен ұлттық тағамдары таныстырылып,
көрсетілді. Сынып жетекшілерінің ыждағатты дайындықтарының арқасында көрермен халық әр ұлттың көбі біле бермейтін қыр – сырына қарық болды.
Бастауыш пен орта буын бірлесіп атқарған бұл іс – шараның оқушыларға берер тәрбиесі мол екені анық. Ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бірлікте бір қазанда біте қайнасып өмір сүріп жатқанымыздың өзі – осының айғағы болса керек. Ұрпақ тәрбиелеуде осындай маңызы зор іс – шараларды ұйымдастыруда тәрбие ісінің орынбасары Бақытбек Мекебайұлы мен аға тәлімгер Индира Құттығұлқызының еңбектері ерен.
«Ақпыз, қара, сарымыз – ағайынбыз бәріміз» дегендей, «достық» атты бір шаңырақ астында бірлікте өмір сүре
берейік!
Назгүл ҚЫЗЫР,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Новоишимка ауылы