Тәрбие сағатының тақырыбы: Қош келдің әз Наурыз!!
Өткізген : С.Ж. Беркинбаева
2019 жыл
Тақырыбы: «Қош келдің , әз Наурыз!» атты тәрбие сағаты
Мақсаты: Оқушыларға Ұлыстың ұлы Наурыз мерекесін тойлауы туралы толық мағлұмат беру, халқымыздың салт – дәстүрін, әдет – ғұрпын үйрете отырып, «Наурыз» Қазақтың ұлттық мейрамы екенін ашып көрсету.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер жазылған плакат, үнтаспа, ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, шарлар, суреттер.
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата – аналар! Сіздерді қазақтың ұлттық мерекесі Ұлыстың ұлы – Наурыз Мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Бүгінгі болғалы отырған «Қош келдің, әз Наурыз!» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Сіздерді келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтап, сіздерге шаттық тілей отырып, мерекелі тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз! Жаңа өмірдің қайта басталатын күн есебінің басы, көктемнің көшбасшысы, қанатына маржан тағып қараторғай жеткенде көктемнің алғашқы жаңбыры себелейді. Сіресіп жатқан қар еріп, көл – көсір су болып ағады. Өсімдік ұйқыдан оянады, бәйшешек қаулайды. Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлайтын Ұлыстың ұлы күні келді. Той құтты болсын, ұлыс оң болсын!
1-жүргізуші: Ар ма, ағайын! Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Жер жүзіндегі халықтардың бәрінің де түрлі мейрамдары бар. Шығыс халықтарының сондай ерекше мейрамдарының бірі – Наурыз.
2- жүргізуші: Дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Жаңа Жыл келеді.
Ендеше, той құтты болсын!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Ұлы мереке сіздерге тек жақсылық әкелсін!
Наурыз келді, жайраң қақты таң күліп,
Жап-жасыл болып кетті дүние жаңғырып.
Жақсылыққа жаршы болған Наурызым!
Сен өмірдің көктемісің мәңгілік!
1-жүргізуші: Уа, халайық, халайық!
Ақ сандықты ашайық,
Бұл мереке, бұл тойдың
Шашуларын шашайық! (Шашу шашылады).
2- жүргізуші: Ертеңгілігімізді бастамас бұрын оқушылардан Наурыз мерекесінің қалай тойланатыны туралы сұрайық:
1-оқушы: Жаңа жылда Қызыр баба үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады деген сеніммен Наурызға дейін адамдар үйін қағып-сілкіп, тазартып қоятын болған.
2-оқушы: Ел арасында 21 наурыз түні даланы Қызыр баба аралайды деген аңыз бар. Осыған сенген халық дәулет дарып, бақ қонсын деген мақсатпен есіктерін ашып қояды.
3- оқушы: Бұл күні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттеріне соғымның етінен пісірілген «Ұйқыашар» деп аталатын дәм дайындаған. Ал жігіттер қыздарға айна, тарақ, иіссудан тұратын сыйлықтар сыйлаған. Оны «Селтеткізер», «Діреткізер» деп атаған.
4- оқушы: Наурыз мейрамы негізінен адамдардың көрісуінен басталады. Жігіттер төңіректегі бұлақтардың көзін ашып, бұлақ басына тал еккен. Жаңа шыққа күнге иіліп сәлем берген. Ренжіскен ағайындар татуласқан.
5- оқушы: Ұлыстың ұлы күні кем дегенде жеті түрлі дәмнен тұратын Наурыз көже дайындалады. Наурыз көжеге соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, қатық, сүт, бидай, тұз, су қосылады.
1-жүргізуші: Құтты болсын әр күнің,
Сыйла, бақыт баршаға.
Сәбидің әсем шат үнін
Тыңдат абзал анаға.
Наурыз – достық,
Наурыз – күн.
Барша халық бірлігі.
Тағы келді ұлыс күн.
Жалғасып ғалам тірлігі. (Осы жерде «Көрісу» дәстүрі сахналанады).
2-жүргізуші: Наурыз ұлттық мереке болғандықтан, қазақтың салт-дәстүрлері туралы айтып кету де дұрыс деп санаймыз.
1-жүргізуші: Сыныбымыздың ержүрек жігіттері енді сіздерді қазақтың ұлттық ойындарын ойнауға шақырамыз. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарымыз бар. Ойын бастамас бұрын әділ-қазылармен таныстыра кетейік. (Мектеп мұғалімдері арасынан қазылар тағайындалады).
1. Асық ойынынан жарыс
2 Қол күрестен жарыс.
3. Арқан тартыстан жарыс
4. Наурыз көже ішуден жарыс.
( Қазылар жеңімпаздарды анықтап, сыйлықтар табыс етіледі.)
2-жүргізуші: Ерітіп қарын даланың,
Жинатып гүлін саланың.
Жетелеп жұмсақ самалын,
Келді Наурыз – жыл басы.
Күлімдеп қарап күміс күн,
Аспаның бүркіп пүліш түн.
Ұлы күні Ұлыстың,
Келді Наурыз – жыл басы!
1-жүргізуші:Олай болса бүгінгі мерекемізге дайындалып келген сыныбымыздың сұлу қыздарымыздың көңілді биін қабыл алыңыздар
Ендеше, той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлы мереке сіздерге тек жақсылық әкелсін! Келесі жылғы Наурызға дейін амандық болсын!
Сіздерді ортаға «Қара жорға» биін билеуге шақырамыз!